Қысқы демалыстың 5 қаңтар күні колледждің ТОПС-22, ЭОП-23 топ студенттері қалалық аймақтық мұражайға саяхат жасады. Мұражай қызметкері Марат Төлеутемирович студенттерді әрбір залдың экспозицияларымен таныстырып, қызықты да танымды саяхат өткізді. Біріншіден қалалық мұражайдың белгілі ғалым Әлкей Марғұланның атында екенін айтып, ол кісінің өмірбаянымен таныстырып, қызының мұражайға тапсырған жеке басты заттарын көрсетті.
Студенттер бұл саяхаттан қазақтардың бұрынғы тұрмыс жағдайларында қолданған құралдарымен, Екібастұз қаласының өркендеуіне үлес қосқан денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, өндіріс салаларындағы танымал адамдардың өмірбаяндарымен танысты. Солардың бірі, өздері оқитын колледжге аты берілген Қ.Пішенбаев туралы да маңызды мағлұматтар алды.
Әсіресе студенттерге «Жауынгер даңқы» атты зал әсер етті, онда Ұлы Отан соғысының батыр ардагерлерінің суреттері, сөрелерде жауынгерлердің жеке заттары, майданда жазған хаттары, марапаттау куәліктері және соғыста қолданған қару-жарақтардың кейбір түрлері сақталған.
Мұражайда көрген ауған соғысының батырлары З.Шарипбаев пен С.Кремиништің өздері оқитын колледжде оқығандары, студенттердің мақтаныш сезімдерін туғызды.
Саяхаттың соңында декоративті шығармашылық көрме залында, студенттер қала тұрғындары мен белгілі суретші С.А.Пантелеевтің шығармашылық жұмыстарын тамашалады.
Мұражайдағы саяхаттан, студенттер үлкен әсер алып қайтты.