Екібастұз өңіріндегі алғаш кен көздерін ашушы , білгір кен зерттеушісі –Қосым Пішенбаевтың 175 жылдығына орай, біздің білім ордамызда «Тастың тілін түсінген қазақ» тақырыбында қалалық деңгейде дөңгелек үстел өткізілді.
Аталмыш іс-шараның мақсаты: жас ұрпаққа Қосым Пішенбаевтың сан қырлы талант иесі, біртуар тұлға екенін таныту;
елімізге еңсе тіктетіп, қаламызды әлемге танытып, алаш баласының абыройын асқақтатқан Қосым Пішенбаевтың кісілік келбетін меңгеру;
студенттердің патриоттық сезімін оятып, тілін, Отанын, елін, жерін сүюге, салт – дәстүрін, тарихын құрметтеуге тәрбиелеу.
Дөңгелек үстелге жергілікті ақын зерттеуші Сайлау Байбосын, Қосым атаның шөбере жиендері Амантай Есімбаев, Марат Табулдинов, қалалық мұражай қызметкері Омарова
Айдана Темірболатқызы, кітапхана саласында көп еңбек сіңірген Қуанышева Бақытжан Әбдікәрімқызы қалалық колледждерден оқытушылар мен студенттер шақырылды.Келген қонақтар Қосым Пішенбаевтың мұражайына кіріп, студенттер мен оқытушылардың жинаған мәліметтерімен танысты.
Іс-шараның басында І курс студенттері Ботабаев Нұрбол,Сансызбаев Наурызбай,Бейсенова Жансая,Кабашева Зарина, кітапханашы Сәрсенбекова Аяулым жергілікті ақындардың өлеңдерін оқыды.
Кабашева Зарина өзінің «Қосым Пішенбаевтың өміріндегі біз білмейтін қызықты фактілер» тақырыбындағы ғылыми жұмысын ұсынды.
Қонақтар Қосым Пішенбаевтың өмірін, оның шығу тегін ,жалпы қазақ еліне сіңірген еңбегі жайында әңгімеледі, мұражай қызметкері Айдана Темірболатқызы студенттерге Қосым атаның көпес Деровтың қол астында жұмыс істеген кезіндегі фактілер-қолжазбаларды, көп мәліметтерді студенттерге көрсетіп,Қосым Пішенбаевтың ашқан кен орындары жөнінде баяндап өтті.
Студенттер қонақтарға Қосым Пішенбаевтың өмірі, қызметі,оның туған жері туралы көп қызықты сауалдар қойып, пікір алмасты. Қосым атаның өмір жолдары, ол туралы ел ішіндегі аңыздарды Амантай аға нақышына келтіріп,майын тамызып әңгімелеп берді.
Дөңгелек үстелдің соңында Бақытжан Әбдікәрімқызы-Қосым Пішенбаевтың шынайы өмірде біртуар талант иесі, алғаш кен көздерін ашушы тума геолог , табиғатпен тілдесе білген, тастың тілін түсінген азамат болғанын қорытындылап және қазақ еліне сіңірген еңбегі шексіз екенін айтып өтті.
Егеменді еліміздің тұғыры қашан да елім деп еңіреген ерлермен биік. Тағдыры сан қилы, елімізге ерен еңбек сіңірген атамыз туралы, көкейді тескен көл ойлармен сусындадық. Туған өлкеңнің тарихын білу- патриот болуға жетелейді.
Туған жердің тарихын білу – шүгесіне, терең иірімдеріне бойлай білу – саналы азамат болғысы келетін жас адамның бірінші парызы.
Аты аңызға айналған халықтан шыққан біртуар талант иесі Қосым атамыздың өмірі әлі де болса жұмбағы, сыры көп екенін ескеріп , жас ұрпақ табиғатпен тілдесе білген азаматымызды тереңдеп зерттейді деп сенеміз.