Өткізілген орны: ЕТТК кітапхана
Қатысушылар: №41 топ студенттері,
ө/о шебері Г.Ж. Опабекова
Өткізілген күні: 2020 ж. 22 қыркүйек
«Қ. Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжі» КМҚК кітапханашысы О.В.Кожемяк Қазақстандық ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің презентаия мен видео көрсету арқылы өмірі мен шығармашылығы жайында таныстырды.
Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген.
Жөргегімде таныстым мұң тілімен
Жылағанда жүрегім, күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.
Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырам даланы мен.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.
Ж. Молдағалиев 1920 жылдың 5-қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы Тайпақ ауданы Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты. Әкесі жастайынан қайтыс болып, анасы Зәріптің тәрбиесінде өседі. Өз ауылындағы мектепте білім алады. Анасының жастайынан берген тәрбиесі болашақ ақынның әдебиетке әуестенуіне әсер етеді. 1940 жылы Жұбан міндетті әскери қызметке шақырылады. Бір жылдан соң сұрапыл соғысқа араласады. Осылайша, ақынның шығармашылық өмірі майдан жағдайында өтеді.
«1940 жылы әскер қатарына алынғанда екі-үш дәптер өлеңімді жәшік түбіне салып, ала кеттім. Олар Отан соғысының алғашқы күндерінің бірінде өртке оранды. Әрине, олар бір әдеби мұра болғандай дүниелер еді демек емеспін. Тек өлеңге қашан, қалай келгенімді сипаттайтын нәрселер болатын. Сөйтсе де, олар маған соғыста «қаза тапқан» өлеңдер боп көрінеді. Соғыспен 1941 жылы 22 маусымда таңғы сағат төртте душарластым. Әрине, ол күндері өлең емес, бас қайғы болды», – дейді Жұбан Молдағалиев ағынан жарылып.
Ақын өз естелігінде шығармашылық жолына қалай оралғынан былайша есіне алады: «Батарея комиссары болып қызмет істеп жүргенімде ойда-жоқта майдандық «За родину» газетінің жанынан ашылып жатқан «Отан үшін» қазақ газетіне жіберілдім. Сөйтіп, сөніп бара жатқан ақындық үміт қайта тұтанды.
Қаламгер жауға қарсы сұрапыл соғыстың ауыртпалығын бастан кеше жүріп, «Отан үшін», «Майдан ақиқаты», «Жеңіс туы» атты майдан газеттерінде қызмет істейді, өлеңдерін жариялайды.
Кеңес армиясы қатарынан кейін Жұбан Молдағалиев «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» журналының редакцияларында, Қазақстан жазушылар одағында басшылық қызметтер атқарды. 1949 жылы оның «Жеңіс жырлары» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді.
Қаламгердің сүйікті жары – София Мәлікқызы әрқашан қолдау көрсеткен. Екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсірген.
Бұл кезде Жұбан 29 жаста еді. Алғашқы өлеңдер жинағы оның өз ауқымынан алыстап, өскенін көрсетті. Оның үстіне оқ пен оттың жырларын бастан кешті. Бұл жай ақынды бірден есейтіп, әлеуметтік, саяси құлашы кең поэзияға бағыттады.
Қалам үшкірлігі әлі де жастықты аңғартса, айтып отырған пікірі – өлім мен өмір арпалысындағы жанның ойын, көңілін сездіреді. 1942-45 жылдары жазылған «Отан», «Бір бассаң да алға бас», «Туған елге», «Қазақ», «Шығыста туған елім бар», «Жеңімпаздар сәлемі» атты өлеңдерден осы жағдайды аңғарамыз.
Кейін Жұбан Молдағалиев «Қызыл галстук» (1949), «Нұрлы жол» (1951), «Бастаушымыз партия» (1954), «Жыр туралы жыр» (1957), «Заман тынысы» (1960), «Жесір тағдыры» (1962), «Ғашық көзбен» (1964), «Мен қазақпын» (1965) тағы басқа кітаптарын жариялады.
Сонымен қатар, Жұбан Молдағалиев Қазақ КСР жоғарғы кеңесінің депутаты, Қазақ КСР жоғарғы кеңесі төралақасының, Қазақстан компартиясы орталық комитетінің мүшесі (XII—ХӀӀӀ-съездерде) болып сайланды.
Ол екі рет «Еңбек Қызыл ту» және 2-дәрежелі «Отан соғысы», «Құрмет Белгісі» ордендерімен, медальдармен марапатталған.
Жұбан Молдағалиевтың ақындық даңқын көтеріп, оның есімін әдебиет әлеміне енгізген шығарма – «Мен қазақпын» поэмасы (1964). Ақын бұл шығармасында қазақ халқының өткен өмірі мен тағдырын лирикалық-публицистикалық стильде терең толғана жырлады. Қазақ халқының ұлттық ерекшеліктері, ерлік дәстүрі, туған жер мен елі, байлығы, адамдары жайлы асқақтата көркемдеп жырлай білді.
Димаш пен Ерболат Құдайбергеновтің орындауында Қазақстанның танымал тұлғалары, жазушылар, әртістер мен қазақпын поэмасының сөзіне жазылған әннің видеосы мен цитаталарынан жасалған бейне көрсетілді.
Жұбан Молдағалиев 1988 жылдың 6 қазанында 68 жасында Алматыда қайтыс болды. Қазіргі қазақ әдебиетінде Жұбан Молдағалиев тұғыры биік ұлы тұлға, келешек ұрпаққа өшпес үлгі болып қала бермек, ол әрқашан өзі жырлаған халқының жадында. Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде жыл сайын «Жұбан оқулары» өтеді. Жұбан Молдағалиевтің туғанына 80 жыл толуына орай Орал қаласында ақын құрметіне ескерткіш орнатылған, сондай-ақ оның есімімен аталатын № 2 мектебі бар. Жұбан Молдағалиевтің туған жерінде ақынның құрметіне орай ескерткіш орнатылды, ал облыстық ғылыми әмбебап кітапханасы оның есімімен аталды. 2010 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында «Бір ел – бір кітап» акциясында шығармалары оқылды.
Қазақ халқы өзінің төл әдебиетінде осындай ұлы ақынның болғанын әр уақытта мақтан етеді.