Сәуір айынан мамыр айына дейін облыс колледждерінде «Талап» КЕАҚ және Павлодар облысының білім беру басқармасының қолдауымен World Skills 2026 өңірлік кәсіби шеберлік байқауы ұйымдастырылады. Байқау 5 бағыт бойынша өткізіледі, бағыттары: Baby Skills, Junior Skills, Abilympics, AgroSkills және World Skills.
Биыл World Skills өңірлік байқауы 70 құзыреттілік бойынша өткізілу жоспарлануда. «Қ.Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжі» КМҚК студенттері 10 құзыреттілік бойынша қатысады. Сондай-ақ колледжде ерте кәсіптік бағдар беру жұмысы аясында колледж мамандықтары бойынша қала оқушыларына арналған мастер-класстар мен Baby Skills, Junior Skills конкурстары өтеді.
2026 жылғы 03 сәуір күні «Қ. Пішенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжі» КМҚК базасында Екібастұз қаласының балабақша тәрбиеленушілері арасында «Жас теміржолшы» құзыреттілігі бойынша қалалық Baby Skills конкурсы өтті.
Конкурс мақсаты: жұмысшы мамандықтар беделін арттыру, балаларға ерте жастан кәсіби бағдар беру, сондай-ақ олардың техникалық ойлауы мен практикалық дағдыларын дамыту.
Конкурс барысында қатысушылар өздерін таныстыра отырып, өз суреттерін көрсетті, пазлдар жинап, берілген суреттер бойынша локомотив түрлерін құрастырды. Қатысушылар осы тақырып бойынша өз білімдері мен дағдыларын көрсетті, жұмбақтар шешіп, сайысқа түсті. Байқаудың әділ қазылар алқасы қалалық білім бөлімі, колледждің әлеуметтік серіктесі «ҚТЖ филиалы Жүк тасымалы» ЖШС өкілдері болды.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды №26 бөбектер бақшасының тәрбиеленушісі-Қанапия Амре, ІІ орынды №28 бөбектер бақшасының тәрбиеленушісі-Баймуратов Алан, ІІІ орынды №27 бөбектер бақшасының тәрбиеленушісі-Смагулов Арсен, ал ІV орынды №6 және №7 бөбектер бақшасының тәрбиеленушілері Уалиев Арлан мен Умаров Артур иеленді.
Жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және сертификаттармен марапатталып, естелік сыйлықтар табыс етілді.