2026 жылғы 26 қарашада К. Пшенбаев атындағы Екібастұз тау-кен техникалық колледжінде «Білім берудегі заманауи технологиялар: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің құзыреттілігін арттыру» тақырыбында педагогикалық тәжірибені тарату және жинақтау бойынша қалалық семинар өтті.
Іс-шараның мақсаты – тиімді педагогикалық тәжірибені жинақтау және тарату, заманауи білім беру, ақпараттық-коммуникациялық және цифрлық технологияларды оқу үдерісінде қолдану мүмкіндіктерін көрсету, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтерінің кәсіби және цифрлық құзыреттілігін арттыру.
Семинарға әдіскерлер, жалпы білім беретін және арнайы пәндер оқытушылары, өндірістік оқыту шеберлері мен Екібастұз қаласындағы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының педагогикалық қызметкерлері қатысты.
Семинар барысында жасанды интеллект пен цифрлық платформаларды білім беру үдерісіне енгізу, оқытудың инновациялық әдістері, біліктіліктің функционалдық картасын қолдану, пәнаралық интеграция, арнайы пәндерді оқытуды цифрлық трансформациялау және заманауи психологиялық-педагогикалық технологиялар мәселелері талқыланды.
Қатысушылардың ерекше қызығушылығын цифрлық құралдарды пайдалана отырып, заманауи оқу сабағының фрагментін әзірлеуге арналған практикалық жұмыс тудырды. Педагогтер өз тәжірибелерімен бөлісіп, тиімді әдістемелік шешімдерді ұсынып, білім алушылардың кәсіби құзыреттілігін қалыптастыруда инновациялық технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылады.
Семинар жұмысына академик Қ. Сәтбаев атындағы Екібастұз инженерлік-техникалық институтының және Екібастұз политехникалық колледжінің педагогтері де қатысып, өздерінің өзекті тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шара рефлексия, пікір алмасу және қорытындыларды талқылаумен аяқталды. Семинар қатысушыларына сертификаттар табысталды.















