«Ұстаз – ұстаз болғандықтан өмір бойы оқу менен ізденумен өтеді» деген нақыл сөз дәстүрлі тамыз конференциясына арналғандай. Тамыз конференциясына аймақтағы барлық оқытушылар жиналып, өздерінің озық тәжірибесімен, жаңа оқу жылына қойылған міндеттері, жоспарлары және өткен оқу жылындағы табыстарымен бөліседі. Биылғы оқу жылында филологиялық, қоғамдық тәртіптер, информатика, математика, өндірістік білім беру оқытушылары мен әдіскерлер ТжКБ ұйымдарының басшылары мен олардың орынбасарларына арналған секция жұмыстары ұйымдастырылды. Секцияға қатысушылар конференция сұрақтарын жан-жақты талқылап, өз пікірлерін емін-еркін білдірді.

Қоғамтану пәнінің «Қазақстан тарихын оқытудағы инновациялық технологиялар» тақырыбындағы  секциялық жұмысы өте әсерлі, қызықты өтті. Әсіресе, Д.Багаев атындағы Павлодар облыстық өлкетану музейінің қызметкері Г.М.Алиеваның «Н.Ә.Назарбаев – тұңғыш Президент» тақырыбындағы баяндамасы қатысушылардың көңілінен шықты. Секция жұмысын Семей ядролық полигоны құрбандарын еске алып, минуттік үнсіздікпен аяқтады.

Филология пәндерінің секция жұмысы Павлодар музыкалық колледжіндегі «Сабақтағы және сабақтан тыс уақыттағы үштілді меңгеруді жүзеге асыру» тақырыбына ерекше көңіл бөлді.  Музыкалық колледжде оқытушылар мен студенттер берілген арияны қазақ, орыс, ағылшын, испан тілдерінде жаттап, орындайды. Бұл оқу орнына үштілділік ауадай қажет!

«Ғаламтор технологиялары арқылы әлеуметтік желілерді ұйымдастыру», «ТжКБ жүйесіндегі өндірістік оқыту шеберінің кәсіби біліктіліктілігі – жоғары білім сапасының кепілі», «Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жаңа технологияларды қолданудың тиімділігі» тақырыбындағы баяндамалар қызу талқыланды. Секция жұмыстары аяқталды. Оқытушылар өз колледждеріне көтеріңкі көңіл мен жарқын әсерлерімен бөлісуге аттанды.

Жаңа оқу жылы құтты болсын, берекелі, табысы мен жеңісі мол жыл болсын!